Тәуеліздік алғалы бері еліміздің тіл мамандары арасында латын әліпбиіне көшу мәселесі қызу талқылана бастады. Ал 2012 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев латын графикасына көшу қажеттігін атап өткеннен кейін тек лингвистер ғана емес, бүкіл қазақ қоғамында осы мәселе қызу пікірлер мен ой-тартыстардың тақырыбы болды. Араға бес жыл салып Елбасы осы мәселені тағы көтеріп, латын әліпбиіне көшу туралы нақты тапсырмалар берді.
Мемлекет – күрделі механизм, оны құру да көп жылдық стратегия мен көрегендікті қажет етеді. Тәуелсіз еліміздің әрбір кезеңі, әрбір реформалары мен даму жолы – көреген басшының мұқият ойлап іске асырған саясатының нәтижесі. Ел алдындағы тұрған қазіргі маңызды қадам да солар сияқты ұзақ уақыт бойы талқыланып, таразыға салып, сараланған шешім. Осыдан бес жыл бұрын Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесін алға қоюы да қоғамның дайындығына қажет шара болғаны анық. Сонымен қатар, дәл бүгін осы шешімнің уақытылы екені де даусыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында нақты атап өтті.
Осы тұрғыда қоғамда келіспеушіліктеен гөрі қорқыныш сезім болуы да заңды. Себебі аға буын өкілдерінің жаңа әліпбиді меңгеруі мен жас буынның өткен тарихи құндылықтарымыздан қол үзуі мәселесі күмән туғызады. Кейбір мемлекеттер, мысалы, Түркия ХХ ғасырдың 20-жылдарында латын әліпбиіне бірден өтіп, бірқатар қиындықтарға тап болды. Қазіргі уақытқа дейін соның салдарын тартуда. Осыны ескере, Қазақстанның біртіндеп мұқият өту жолын таңдауы – саралы жол. 2012 жылдан бері қоғамда талқылануға мүмкіндік беріп; ғалым, тіл мамандарын, қоғам қайраткерлері мен шетелдік сарапшыларды тартып жаңа әліпбидің нұсқасын жасауға; тағы жеті жыл ішінде латын әліпби бойынша мамандарды даярлап, әдіснамасын қалыптастыруға жеткілікті уақыт берілді.
Мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне өтуі – әлемдік үрдіс. Түркітілдес елдердің бізден бұрын осындай шешім қабылдап өтуі бізге де қолайлы, себебі әлемдік тәжірибеге сүйеніп, өзге елдердегі өту үдерісінің қателері мен осал тұстарын зерттеп, өзіндік әдістемені жасауымыз қажет .
Әлемнің дамыған елдерінің көп бөлігі латын графикасын қолдануда. Бәсекеге қабілетті елдердің қатарына кіруді мақсат еткен Қазақстанға да осы жолды таңдау – уақыт пен заман талабы. Жер бетіне кең тараған жазу үлгісі елдің экономикалық дамуына өз үлесін қосады. Латын графикасы әлемнің озық технологияларымен байланысты. Сондықтан ғылыми-техникалық жетістіктердің заманауи үлгілерін меңгеріп, оны елімізде бейімдеп қолдану үшін де латын графикасының қажеттілігі киррилицадан жоғары.
ХХІ ғасырдың ақпараттық заман екені сөзсіз. Бұл ғасыр – ақпараттық технологиялар ғасыры. Ақпарат жеке адамның, ұлттар мен халықтардың қабылдайтын шешімдеріне, өмір салтына, әрекеттеріне және дүниетанымына ықпал етудің құралына айналды. Қазіргі уақытта пайдалы қазба, өндіріс, қолмен ұстап көруге болатын тауардан гөрі ақпараттың құндылығы артып жатыр. Әлем бойынша ақпараттық құралдардың көмегімен қоғам дамып, білім деңгейі өскенінің де, сонымен қатар азаматтық көтерілістер мен тәртіпсіздіктің орын алып отырғанының да куәсі болып отырмыз. Әлемдегі ақпарат рөлінің артуы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің шиеленісін кез келген дамыған мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігі ретінде көрсетеді. Бұдан ақпаратты ұтымды және оңтайлы пайдалану әрбір мемлекет саясатының басым бағыттарының біріне айналғандығы көрінеді. Әлемде ақпарат әрбір он екі секунд сайын жаңартылып отырады дейді, яғни қазір ғана айтқаныңның бір кезде жаңалық емес болып қалуы ғажап емес. Осы жолда әлемдегі ақпаратты уақыты алып, жаңалықтармен бірден танысын, оны өңдеп отыру үшін де латын әліпбиін меңгеру қажет.
Еліміздің дамуының тағы бір маңызды саласы – туризм. Туризм өркениеттер, мемлекеттер арасында келісім мен қарым-қатынас орнатудың бір жолы ретінде дамып, кең етек жаюда. Халықты рухани және материалдық тұрғыдан байытып қана қоймай, туризм жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, қосымша жұмыс орындарын ашуға, жұмыспен қамтуда шешуші рөл атқарады. Туристер арасында кең сұранысқа ие елдердің экономикалық өсімі мен халықтың әл-ауқатының артуы тұрақты түрде ілгерілейді. Қазақстанның да бірегей табиғатымен, қайталанбас шипалық орындарымен, ғажайып пейзаждарымен, көшпенді халықтың мұрасын сақтаған кең байтақ жерімен халықаралық туризм нарығында өзінің лайықты орнын алуға әлеуеті жетеді. Елдегі туризмнің дамуына да латын әліпбиіне көшудің оңды ықпалы тиетіні сөзсіз.
Еліміздің индустриалды-инновациялық, экономикалық дамуының тағы бір тетігі – кәсіпкерлікті дамыту, шетелдік инвестицияларды тарту және т.б. Халықаралық бизнес мемлекетке қосымша капитал тартып, бюджетке салмақ түсірмеуге мүмкіндік береді. Осы үшін жеке кәсіпкерлер, инвестициялар, басқарудың жаңа моделі, инновациялар түріндегі халықаралық бизнес те енуі қажет. Еліміздің әлемдік нарықта тиісті орнын алып, халықаралық кәсіпкерліктің тізгінін ұстауына да латын графикасына өту тиімді болады.
Қорыта келе, қазіргі әліпби реформасының тарихи алғышарттарының болуы да, оның заман талабы екені де дәлелдеуді қажет етпейді. Бұл қадам Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін артуға, әлемдік ғылыми кеңістікке енуіне, озық технологияларды меңгеруіне, халықаралық ақпараттық кеңістікке кіруіне, соңғы жаңалықтар мен жетістіктерді уақытылы пайдалануына қажет. Ол үшін саяси шешім шығарылды, халықтың да қолдауы бар, ендігі мәселе – тек біртіндеп, жан-жақты әрі кешенді саралап, ең тиімді үлгісін таңдау.